Қызылорда облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы бақылау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, бір апта ішінде өңір аумағында жол жүрісі қағидаларын бұзудың 8 мыңнан астам дерегі тіркелген.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің мәлімдеуінше, анықталған құқықбұзушылықтардың басым бөлігі жылдамдық режимін сақтамауға қатысты. Нақты айтқанда, белгіленген жылдамдықты шамадан тыс асырған 3 234 жүргізуші жауапкершілікке тартылған. Ал қауіпсіздік белдігін тақпаған 1 833 жүргізуші анықталған.
Бұл көрсеткіштер жолдағы тәртіп пен жүргізушілер жауапкершілігін арттыру қажеттігін аңғартады. Соған орай жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін әрбір жүргізушіні жылдамдық режимін сақтап, қауіпсіздік белдігін тағып, жол қозғалысының өзге қатысушыларына құрметпен қарауға шақырады.