Ақтөбеде Бестамақ ауылының 27 жастағы тұрғыны перзентханаға бара жатып, таксиде босанды. Салмағы 3,5 килограмм болатын ұл бала ауруханаға жетіп үлгермей тұрып дүниеге келді.
Анасы Назерке Ғалимованың айтуынша, ол мұндай жағдайды күтпегендіктен, біраз қорқып қалған. Ал такси жүргізушісі жаңа туған нәрестенің жылаған даусын кенет естіп, одан да бетер сасқан.
Назерке ер адамды сабырға шақырып, жедел жәрдемді өзі шақырды. Дәрігерлер бірнеше минутта келіп, ана мен нәрестені перзентханаға жеткізді.
«Бригада оқиға орнына 6-7 минутта келіп, әйелді салон ішінде тексерді. Сол жерде кіндігі кесіліп, қажетті препарат егілді. Содан кейін оларды жақын жердегі стационарға жеткізді. Менің тәжірибемде бұл әйелдің таксиде босанып қалған алғашқы жағдайы, ал үйде босану жиі болып тұрады», – деді жедел жәрдем станциясының фельдшері Роман Мергенұлы.