Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
1
USD
454
+0.16
EUR
509
+2.53
RUB
5.65
+0.02

 «Жүрек жылуы – балаға»: Алматыда жүректерді жылытқан Қамқоршылар күні өтті

Бүгінде асқақ мегаполисте 718 қамқоршы отбасы 921 балаға пана болып, жүрек жылуын сыйлап отыр. Салтанатты жиынның төрінде қуаныштан көздері жайнаған балалар мен мейірімі төгілген ардақты қамқоршылардың жүздерінен шынайы бақыт пен тыныштық лебі есіп тұрды. Бұл күні қалалық басқарма өкілдері, 33 қамқоршы мен қорғаншы отбасы, ақ жүректі қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері басын қосып, бір шаңырақ астындағы үлкен отбасыдай үйлесім тапты.

Мереке шырайын кіргізген іс-шара барысында балаларға қамқор болып, өнегелі тәрбие беріп отырған үздік отбасыларға құрмет көрсетіліп, Алматы қаласы Әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновтің атынан Алғыс хаттар мен Балалардың құқығын қорғау басқармасының естелік сыйлықтары салтанатты түрде табысталды. Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Жанат Айтпаева отбасы институтының қоғамдағы өлшеусіз рөліне тоқталып: «Әрбір бала мейірім мен сүйіспеншілікке толы отбасылық ортада өсуге құқылы. Қамқоршы отбасылар – тағдыр тәлкегіне түскен балаларға үміт сыйлап, олардың болашағына жол ашатын үлкен жүректі жандар. Бүгінгі «Жүрек жылуы – балаға» шарасы – тек мерекелік кездесу емес, бұл – бала тағдырына бейжай қарамайтын азаматтарымызға деген шексіз алғысымыз бен құрметіміздің көрінісі. Біз балалардың құқығын қорғау және отбасылық құндылықтарды ұлықтау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береміз», – деп тебірене жеткізді.

Бұл күннің мазмұнын байыта түскен құрметті қонақтар қатарында Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қазақстан балалар үйлері түлектері қауымдастығының Президенті Рафаэль Гасанов, «БиС Проект» ЖШС генералды директоры, ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі Бекболат Шунгилов, «ECO-QOGAM» ҚҚ директоры, қоғам қайраткері Сана Жандай, кәсіпкер әрі жеке инвестор Ислам Карагезов, «Түркі халықтарының алматы мәдениет қоры» ҚҚ өкілі Нуретдин Гекгуль, Алматы қаласы отбасын қолдау орталығының басшысы Ақмолжан Зарипов және М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бас директорының орынбасары Эльмира Омарова болды. Олар қамқоршылық саласының жанқиярлық қызметкерлеріне ізгі тілектерін арнап, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Жиында сөз алған меценат Бекболат Шунгилов: «Екінші деңгейдегі банктер жанынан арнайы қор ашып, осы іске үлес қосқым келеді. Мен өз компаниямның табысының 10 пайызын балалар қорына тұрақты түрде аударып отыратын боламын», – деп көпшіліктің көңілінен шықты. Ал Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Рафаэль Гасанов қамқоршы отбасыларға алғыс айтып, балалардың бақытты болашағы жолындағы бастамаларға әрдайым қолдау көрсететінін жеткізді.

Іс-шараның көркін қыздырып, балалардың жүзіне күлкі, көрермендерге ерекше шабыт сыйлаған өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың өнері кешке ерекше сән берді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сахна саңлағы Толқын Забирова, Бақытжан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының әншісі Қаламқас Қадырбаева, сондай-ақ талантты жастар Әдік Жексенұлы, Інжу Әнуарбек, Ғаламат Бейсеқожа және «Jiger & Janat» дуэті әсем әндерін шырқады. Мұнымен қатар, «Ықылас» этно-ансамблі көрерменді әуезді әлемге бөледі.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз