Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
7
USD
441
+1.49
EUR
501
+2.17
RUB
5.27
+0.05

Қазақстан семсерлесуден тарихи жетістікке жетті

Бұл нәтиже Қазақстан спорты үшін ғана емес, әлемдік семсерлесу тарихы тұрғысынан да айрықша мәнге ие. Жүргізілген талдауға сәйкес, бұған дейін ерлер арасындағы командалық сапымен семсерлесуде бір жыл ішінде құрлық чемпионатын, әлем чемпионатын және құрлықтық ойындарды қатар жеңіп алған құрама болмаған.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан құрамасының жетістігін спорттағы қалыптасқан терминологиямен салыстыруға болады. Теннисте төрт ірі турнирдегі жеңіс «Үлкен дулыға» деп аталса, футболда бір маусымдағы басты трофейлерді қатар иелену «требл» ұғымымен сипатталады. Семсерлесуде мұндай жетістікті атайтын ресми термин жоқ. Дегенмен Қазақстан құрамасының бір маусымдағы нәтижесі өзінің ауқымы мен маңызы жағынан «Үлкен дулығаға» тең келерлік ерекше жетістік деуге негіз береді.

Азия чемпионатынан басталған алтын жол

Қазақстан құрамасының тарихи сериясы маусым айында Делиде өткен Азия чемпионатынан басталды. Құрлықтық додада қазақстандық семсерлесушілер командалық жарыста жеңіске жетіп, маусымдағы алғашқы ірі титулын иеленді.

Арада бір ай өткенде ұлттық құрама Гонконгта өткен әлем чемпионатында сенсациялық нәтижеге қол жеткізді. Қазақстандықтар командалық сайыста алғаш рет әлем чемпионы атанып, ел семсерлесуінің тарихындағы жаңа бетті ашты.

Бұл жеңіс Қазақстанның әлемдік семсерлесу картасындағы орнын айтарлықтай өзгертті. Себебі командалық жарыста әлем чемпиондығына қол жеткізу – спортшылардың жеке шеберлігімен қатар, құраманың дайындығы, тактикалық үйлесімі және жүйелі жұмысының нәтижесін көрсететін маңызды көрсеткіш.

24 жылдан кейін келген Азия ойындарының алтыны

Қазақстандықтардың жеңісті сериясы Нагояда өткен Азия ойындарында жалғасты.

Финалда Руслан Құрбанов, Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов және Ерлік Сертай бастаған Қазақстан құрамасы Оңтүстік Корея спортшыларымен кездесті.

Шешуші бәсекеде қазақстандықтар тоғыз ұпайға дейін ұтылып жатты. Алайда команда жарыстың соңына қарай таразы басын өз пайдасына аудара білді. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы 43:42 есебімен жеңіске жетіп, Азия ойындарының чемпионы атанды.

Осылайша, қазақстандық семсерлесушілер 24 жылдық үзілістен кейін құрлықтық ойындардың алтынын қайта иеленді. Бұған дейін Қазақстанның ерлер құрамасы Азия ойындарында 2002 жылы Пусанда чемпион болған еді.

Әлемдік алпауыттар арасындағы жаңа күш

Қазақстан құрамасының бұл жетістігінің маңызын семсерлесудегі халықаралық бәсекенің деңгейі де айқындай түседі.

Семсерлесудің әлемдік элитасында бұл спорттың ғасырлық дәстүрі қалыптасқан елдер ұзақ уақыт бойы көш бастап келеді. Франция, Италия, Жапония және Оңтүстік Корея секілді мемлекеттерде мықты ұлттық мектептер, қалыптасқан спорттық резерв және Олимпиада чемпиондарының бірнеше буыны бар.

Қазақстан тарихи тұрғыдан семсерлесудің дәстүрлі орталықтарының қатарына жатпағанымен, соңғы нәтижелер ұлттық құраманың әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көрсетті.

Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, бұл нәтиже спортты жүйелі түрде дамыту бағытындағы жұмыстардың жемісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз олимпиадалық спорт түрлерін жүйелі түрде дамытып, спортшыларымыздың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуы үшін қажетті жағдай жасап келеміз. Бұл нәтиже – мемлекеттің зор қолдауымен Федерацияның, жаттықтырушылар штабы мен спортшылардың жүйелі жұмысының жемісі», – деді Ербол Мырзабосынов.

Министрдің сөзінше, Қазақстан семсерлесу федерациясы заманауи әдістемелер мен ғылыми тәсілдерді енгізіп, тәжірибе алмасу мақсатында шетелдік мамандардың әлеуетін де пайдаланып келеді.

«Аңызға айналған құрама» атанған команда

Қазақстан семсерлесу федерациясының президенті Мирболат Әбуов қазіргі құраманың жетістігін ел спорты тарихындағы ерекше нәтиже ретінде бағалайды.

«Меніңше, бүгінде бұл команда аңызға айналған құрама деген атқа әбден лайық. Нәтиже өскен сайын бізге артылатын үміт пен жауапкершіліктің де арта түсетінін түсінеміз. Біз бұл жетістікті соңғы меже емес, енді сақтап қалуымыз қажет жаңа деңгей деп қабылдаймыз», – деді федерация басшысы.

Оның айтуынша, ендігі негізгі міндеттердің бірі – жоғары нәтижені тұрақты түрде көрсету және Олимпиадаға іріктеу кезеңінен сәтті өту.

Бұл ретте 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындары қазақстандық семсерлесушілер үшін басты мақсаттардың біріне айналып отыр.

Жеңістің артындағы жүйелі жұмыс

Ұлттық құраманың тарихи нәтижесі спортшылардың жеке шеберлігімен ғана шектелмейді. Бұл жетістіктің артында жаттықтырушылар штабының еңбегі, Федерацияның жүйелі жұмысы, спорттық дайындықтың жаңа тәсілдері және мемлекеттік қолдау тұр.

Бұл табыс «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Sport Qory спортты қолдау қорының қолдауымен Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан семсерлесу федерациясының бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асқан жүйелі дайындықтың жемісі ретінде бағаланады.

Төрт ай бұрын Қазақстан құрамасы бұл жолды Азия чемпионатының алтынымен бастады. Артынша әлем чемпионатындағы тарихи жеңіс келді. Ал Азия ойындарындағы алтын медаль ерекше маусымның тағы бір биік нүктесіне айналды.

Осылайша, Қазақстанның ерлер арасындағы сапымен семсерлесу құрамасы бір маусымда Азия чемпионатын, әлем чемпионатын және Азия ойындарын қатар жеңіп, ел спортының тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді.

Семсерлесуде бұл жетістікті сипаттайтын ресми «Үлкен дулыға» термині болмаса да, Қазақстан құрамасының төрт айдағы жеңісті жолы спорт тарихында осындай бейресми атауға лайық ерекше маусым ретінде қалатыны анық.

Ендігі меже – осы деңгейдегі нәтижені сақтап, халықаралық аренадағы көшбасшылықты ұзақ мерзімге бекіту және 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасында жаңа белестерді бағындыру.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз