Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
14
USD
462
-2.63
EUR
535
-1.43
RUB
5.45
-0.09

Мемлекет сөз бостандығын шектемейді, керісінше оны қорғайды – Аида Балаева

«Масс-медиа туралы» заңға сәйкес, журналистер кәсіби қызметі барысында фото, аудио және бейнетүсірілім жүргізуге, сондай-ақ ақпарат таратуға құқылы. Заңда белгіленген бірқатар жағдайда түсірілім адамның келісімінсіз де жүргізілуі мүмкін.

Атап айтқанда, бұл көпшілік іс-шараларға қатысу немесе сол жерде болу, адамның қызметтік не қоғамдық қызметіне қатысты ақпарат тарату, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында оның бейнесін пайдалану қажеттілігі туындаған жағдайларға қатысты.

Министр сондай-ақ соңғы уақытта бірқатар БАҚ, белсенділер мен блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшалары жаппай бұғатталып жатқаны туралы ақпаратқа да тоқталды.

«Журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметіне немесе сөз бостандығына негізсіз шектеу қойылды деген пікір туғызатын кез келген әрекет тек жекелеген журналистер мен блогерлерге ғана емес, мемлекеттік органдардың беделіне де нұқсан келтіреді», – деп жазды Аида Балаева.

Оның айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде БАҚ өкілдері мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет те сөз бостандығын шектеуге мүдделі емес.

«Керісінше, мұндай әрекеттер мемлекет пен оның институттарының беделіне нұқсан келтіріп, оларды қоғам алдында теріс көрсетуге пайдаланылуы мүмкін. Сондай-ақ бұл Министрліктің сөз бостандығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына кедергі келтіреді», – деді министр.

Аида Балаева бұл мәселелердің Қазақстан жаңа саяси кезеңге қадам басқан қазіргі уақытта ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция қабылданып, негізгі мемлекеттік институттарды жаңарту үдерісі басталды. Алда Құрылтайды қалыптастыру міндеті тұр.

«Елімізде жаңа саяси және қоғамдық мәдениеттің негізі қаланып жатыр. Оның өзегінде мемлекет кепілдік берген құқықтар мен бостандықтармен қатар, әр азаматтың өз әрекетіне жауапкершілігі де тұруға тиіс. Бұл – Әділетті Қазақстанның негізгі қағидаттарының бірі», – деп атап өтті Аида Балаева.

Министр заң алдында барлығының тең екенін еске салды. Оның пікірінше, адамның лауазымы, мәртебесі, кәсібі, қоғамдағы танымалдығы немесе әлеуметтік желідегі жазылушыларының саны оған заң талаптарын елемеуге артықшылық бермеуі тиіс.

Сонымен қатар министр журналистер мен блогерлер үшін ақпараттың анықтығын тексерудің маңыздылығына назар аударды.

Ол әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырды. Алайда заңсыз материал мен заңды пікірдің, кәсіби журналистік қызмет пен қоғамдық пікірталастың ара-жігін нақты ажырату қажеттігін атап өтті.

«Заңсыз контентпен күрес сөз бостандығын негізсіз шектеуге әкелмеуге тиіс. Сөз бостандығы мен жауапкершілік бір-біріне қайшы ұғымдар емес», – деді министр.

Аида Балаева БАҚ өкілдері мен блогерлерді тарататын ақпаратына жауапкершілікпен қарауға, дереккөздерді мұқият тексеруге және масс-медиа, онлайн-платформалар мен сайлау туралы заңнама талаптарын сақтауға шақырды.

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз