Каспий теңізінің жағалауында, Caspian Star демалыс базасы маңында ер адам мен оның ұлы суға бата жаздады. Қатты толқындарға қарамастан, демалушылар екеуін де судан алып шыққан.
Бала аман қалды, ал ер адамның өмірі үшін куәгерлер мен оқиға орнына келген дәрігерлер бір сағаттан астам уақыт күресті. Алайда оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, алдымен жағалаудан әйел адамның «теңізде адамдар батып бара жатыр» деген жанайқайы естілген. Демалушылар суға кіріп, әкесі мен баласын жағаға алып шыққан. Бірақ ер адам жағаға ес-түссіз күйде жеткізілген.
Оқиға куәгерлерінің бірінің айтуынша, қайғылы жағдай жағалаудың арнайы жабдықталмаған бөлігінде болған. Бұл жерде тұрақты құтқару бекеті жоқ, ал ұялы байланыс тұрақсыз болғандықтан, жедел қызметтерді шақыру мен олардың оқиға орнына жетуі қиындаған.