Алматыда полицейлер Рысқұлов даңғылында ұйымдастырылған қауіпті түнгі автожарыстың жолын кесті. Нәтижесінде 10 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылып, олардың жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция департаментінің мәліметінше, түнгі уақытта Рысқұлов даңғылы заңсыз жарыс өтетін орынға айналған. Бірнеше автокөлік жоғары жылдамдықпен жарысып, жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндірген.
«Әрбір жүргізушіге қатысты жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін, оның ішінде апаттық жағдай туғызғаны және маневр жасау қағидаларын сақтамағаны үшін әкімшілік материалдар рәсімделді. Барлық көлік арнайы айып тұрағына қойылды», – деп мәлімдеді ведомство.
Алматы қаласының Полиция департаменті көшедегі заңсыз жарыстар жүргізушілік шеберлікті көрсетудің белгісі емес, керісінше адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіретінін еске салды. Ведомство мұндай құқық бұзушылықтардың жолы кесіліп, оған қатысқандар заң аясында жауапқа тартылатынын мәлімдеді.