Алматыда ішкі істер министрлігі аса ауыр қылмыстарға қатысы бар қылмыстық топты ұстады. 8 мамырда полиция қызметкерлері 10 адамнан тұратын қылмыстық топ мүшелерін ұстады. Олардың қатарында бұрын сотталған қылмыстық орта өкілдері де бар. Күдіктілер мегаполис аумағында жасалған бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстарға, оның ішінде қару қолданылған бұзақылық, бопсалау, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, сондай-ақ қару-жарақ пен өзге де тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қатысы бар.
«Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Құқыққа қарсы әрекеттердің қосымша эпизодтарын және өзге де қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу және жедел іс-шаралар жалғасып жатыр. ІІМ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті нығайту және жасалған қылмыстар үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырады», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.