ҚР Парламентінде еліміздің цифрлық даму бағытын айқындайтын маңызды құжат – Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі жобасы талқыланды. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Әбутәліп Мүтәлінің айтуынша, бұл кодекс жай ғана заң жобасы емес, цифрлық экожүйенің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық құжат.
«Цифрландыру экономиканың дамуына және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал ететін негізгі факторлардың бірі. Бұл еліміздегі цифрлық саланың ұзақ мерзімді дамуын айқындайтын және тиімді әрі ашық цифрлық ортаны қалыптастырады», – деді депутат.
Әбутәліп Мүтәлі цифрлық саланың маңызды бағыттарына да тоқталды:
«Цифрландырудың өзі түпкі мақсат емес, ол адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға, бизнестің дамуына және мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтуге қызмет ететін құрал. Біздің негізгі міндет – Цифрлық кодексті дәл осындай тиімді тетікке айналдыру», – деді халық қалаулысы.
Депутаттың айтуынша, екінші оқылымға дейін кодекстің барлық нормасы жан-жақты пысықталып, оның ашық, қауіпсіз және тиімді цифрлық мемлекет қалыптастыруға нақты үлес қосуы қажет.