Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қазақстан азаматын аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қырғыз Республикасынан экстрадициялады.
«Күдікті 2023 жылы Алматыда желдетуге арналған бөлшектер мен кондиционерлерді жеткіземіз деген сылтаумен кәсіпкердің 75 миллион теңгеден астам қаржысын жымқырған. Қылмыс жасағаннан кейін алаяқ қашып кеткен, сол себепті ол халықаралық іздеуге жарияланған», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Биыл мамыр айында ол Бішкек қаласында ұсталып, одан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды.
Айыпталған қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.