Алматы облысы Кеген ауданында үш адамның өлімі тіркелді. Әлеуметтік желіде Кеген ауданында болған қайғылы жағдай туралы видео тарады. Куәгерлердің сөзінше, көшедегі құдыққа үш адам құлап көз жұмған. Марқұмдардың арасында әкесі мен ұлы бар. Қайтыс болғандардың туыстарының сөзінше, қайғылы жағдайға себеп – ауылдағы су тапшылығы.
«Кегенде сумен проблема бұрыннан бар. Су болмай қалған кезде тұрғындар құдықты өздері ашып, су алудың амалын жасайды. Бұл жолы да сол сумен проблема болып, құдықты ашқан көрінеді. Бірақ олардың қалай түсіп кеткенін ешкім білмейді. Кеш батып, жақындары іздей бастаған кезде, құдықтың ашық тұрғанын көрген. Оларды тапқан кезде құдықтың іші суға толып, аяқ киімдері қалқып жүрген», – дейді Мақпал Шадан есімді ауыл тұрғыны.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы аталмыш факті Кеген ауданының полициясында тіркелді. Қайтыс болған адамдардың денелері мәйітханаға жіберілді, сот-медициналық сараптама тағайындалды.