Астанада автобуспен жүру құны 20 теңгеге қымбаттады. Яғни, бүгіннен бастап жолаушылар жолақыға 110 теңге төлейді.
Еске салсақ, бұған дейін Астана әкімдігі қоғамдық көлікте жол жүру құны 1 тамыздан бастап 90 теңгеден 110 теңгеге дейін артатынын ескерткен. Қалалық маршруттарда жол жүруге 90 теңге тариф 2014 жылдың қыркүйегінде белгіленді. Бұған дейін қаулы жобасы ашық НҚА порталында жария талқылауға шығарылған болатын. Астанада және қала маңында оқитын 18 жасқа дейінгі балалар үшін қоғамдық көлікте жол жүру 2020 жылдың наурыз айынан бастап тегін ұйымдастырылып келеді. Міндетті шарт – мектептің көлік картасының болуы және оны автобуста валидация өткізу.
«2023 жылы әкімдікпен жаңа 400 автобус сатып алынған. Ол автобустардың барлығы бүгінгі таңда маршруттарға қосылып, жаңа маршрут ашуда көмектесіп отыр. 2024 жылы 300-дей автобус сатып алуға жоспар құрып отырмыз. Олар жаңа маршрут ашуға, ескіріп қалған автобустарды ауыстыруға көмектеседі», – деді Астана қаласы көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы Әлихан Керімжан.
Тариф өскенімен, жеңілдікпен жүретін жолаушылардың тізімі өзгеріссіз қалады. Бұрынғыша 18 жасқа дейінгі оқушылар мен 7 санаттағы әлеуметтік топ қоғамдық көліктерде тегін жүре береді.