АҚШ-тың ірі қалаларында витриналарды жаппай фанерамен жаба бастады, ал полиция федералды ғимараттарды күзетуді күшейтті, деп жазады ВВС.
—Біз маусым айында да, Джордж Флойдтың өліміне байланысты алғашқы наразылықтардан кейін осындай сақтық шараларын жасадық, —деген құрылыс топтарының бірінің бригадирі Диего Диастың сөзін ВВС келтіреді.
Өткен аптаның ортасында-ақ CVS дәріхана желісінің терезелерін фанер панельдерімен тарс жауып тастады.
— Біздің дәріхана өткен жазда жаппай демонстрациялар кезінде талқандалды, — деп түсіндірді менеджер. — Қазір біз бәрі бейбіт түрде өтеді деп үміттенеміз, бірақ алдын ала сақтанғанымыз жөн.
YouGov сауалнамасына сәйкес, америкалықтардың шамамен 56%-ы АҚШ-тағы дауыс беру жаппай зорлық-зомбылық акцияларымен аяқталатынына сенімді.
Елдің бірнеше Штаттары мен ірі қалаларының билігі алдын-ала ең нашар сценарийге дайындалуда.
Калифорния губернаторы демократ Гэвин Ньюком Politico басылымына мәлімдегендей, билік дауыстарды санау барысында, елде наразылықтар болуы мүмкін деп күтеді. Сонымен қатар, нәтижелерді жариялау Трамп пен Байден жақтастарының қақтығысына әкелуі мүмкін.
Чикаго мэриясы дауыс беру күніне дайындалып, барлық жедел қызметтердің арнайы жалпы қалалық жаттығуларын өткізді.
«Көктем мен жазда не болғанын ескере отырып, біз оқиғалар бейбіт болады деп күтпейміз. Ең нашар жағдайға дайындалып жатырмыз», — деді Чикаго мэрі Лори Лайтфут алдыңғы аптада өткен баспасөз мәслихатында.
АҚШ ішкі қауіпсіздік департаменті федералды ғимараттарды қорғау үшін елдің ірі қалаларына қосымша арнайы күш бөлімшелерін жіберді.
Ақ үйдегі CNN ақпарат көздері Дональд Трамп жеңіске жеткен жағдайда АҚШ-тың ең ірі қалаларында толқулар болуы мүмкін деп санайды. Федералды билік осыдан кейін
Нью-Йоркте, Вашингтонда және халықтың көпшілігі демократтарды қолдайтын басқа қалаларда жаппай акциялар өтуі мүмкін деп алаңдайды
Шенеуніктер Джо Байден жеңіске жеткен жағдайда ауқымды наразылық акциялары болмайтынына сенімді.
Трамптың мәлімдемесі осындай болжамдарға себеп болды. Ол бірнеше рет дауыс беру бұрмаланады деп мәлімдеді. Ол өз жақтастарын сайлау күні «сайлау учаскелеріне келуге» шақырды. Оның айтуынша, демократтарға «жеңісті қолдан бермеу керек».
АҚШ президенті сайлауда жеңілген жағдайда билікті бейбіт жолмен беруге келіседі ме деген сұраққа әрдайым жауап беруден бас тартты. Өткен аптаның соңында Твиттерде ол Джо Байденнің жеңісін абсурд деп санайтынын айтты. Сонымен қатар, Жоғарғы Сот қандай да бір себептермен дауыстарды санау процесіне араласқан жағдайда ғана Байденнің жеңуі мүмкін деген пікір білдірді.
If Sleepy Joe Biden is actually elected President, the 4 Justices (plus1) that helped make such a ridiculous win possible would be relegated to sitting on not only a heavily PACKED COURT, but probably a REVOLVING COURT as well. At least the many new Justices will be Radical Left!
— Donald J. Trump (@realDonaldTrump) October 30, 2020
Байденнің сайлау штабы бұл твитке қысқаша жауап берді.
«Америка Құрама Штаттары Үкіметі оған заңсыз кірген адамды Ақ үйден шығаруға дайын», — деді Байденнің штаб өкілі.