Еліміздің құқық қорғау органдары осынша жанның қос азаматтығы барын анықтады. Олардың көбі Ресейге көшіп кеткен. Бірақ әлеуметтік төлемдерді пайда көріп, жеке құжаттарының түпнұсқасын қайтармайды екен .
“Биыл 15 мың 260 адамы таптық. Соның ішінде 555-ін жауапқа тарттық. 102 адамды елден шығарғанбыз, қалғаны айыппұл төлеп кетіп қалған”, деді Қалмұханбет Қасымов.
Мемлекеттік төлемдерді заңсыз пайдаланып жүргендердің барлығы Ресейдің азаматтығын алғандар екен. Олар туралы Мәскеуден ақпарат алу да мүмкін емес. Екі ел арасында келісім болмағандықтан, көршілеріміз адам туралы жеке ақпарат бермейді дейді Қасымов.
Ішкі істер министрі Ресей, Әзірбайжан, Түрікменстан, Қырғызстан, Армения, Грузиямен ақпарат алмасуды қарастыратын құжат дайындап жатыр. Тәжікстанмен осындай келісімді бүгін Мәжіліс мақұлдады. Қазақстандықтар аталған мемлекеттердің азаматтығын алса, бірден бізге хабарлама келеді. Айта кетейік, көп мемлекетте қос азаматтық заңды, бірақ бізде тыйым салынған.