Өзбектер қазір бізге қай жағынан алсаң да үлгі. Тілін, дінін, дәстүрін солар ғана жанын салып қорғап қалып жатыр. Бұрын да сондай еді, қазір де сондай өзбек.
Бұл да сол Сәвет кезінен қалған саясаттың зардабы. Өзбекті не үшін айттым?
«Қатын» деген сөзден бізді 1925 жылдардан бастап жеріте бастады. 1927 жылы «Әйел теңдігі» деген журнал шыққан.
Бұл сол кездегі қазақ қоғамына белгісіз сөз болатын. Кейін оның атын қайтадан «Қазақстан әйелдері» деп өзгертті де, «әйел» деген «современный» сөзді жұрттың санасына сіңіре бастады.
Оны ескіліктің қалдығы сияқты болып көрінген «қатын» дегенге альтернатива етіп алды.
Бізден басқалардың бәрі – өзбек те, қарақалпақ та, татар, ноғай, түрікпендер де «әйел» деген сөзден бас тартып, қатындарын кемсіткен жоқ.
Неге кемсіткісі келген жоқ? Өйткені, әйел – араб тілінде ешқандай хұқы жоқ, күңнің орнына жүретін адамның аты болған.
Қатын – қай кезде де (императрица, госпожа деген сияқты) статусты білдіретін. Қыз-келіншекті қазақ кемсітпеген. Оны жатжұрттық деп аялап, біреудің қатыны (госпожа) болады деп мәпелеп өсірген.
Кемсітіп, оны ешқандай мұрагерлік хұқы жоқ күң дәрежесіне дейін «көтеру» – Сәвет кезінен басталған «теңестіру» саясаты.
Айтпақшы, өзбектер де тура сондай журнал шығарған. Бірақ олар әйел деген сөзді алып тастап, «Өзбекстан қотын-қызлары деп атады. «Татарстан қатынлары» деген журнал шығарды, татарлар да жарысып.
«Қатын деген сөз – императрица, госпожа дегенмен бірдей сөз болған» дедім ғой. Егер «қатын» деген сөз қыз-келіншекті кемсітетін сөз болса, онда біз ханның бәйбішесі болған тарихтағы атақты қатындар – Тайдұлла қатын, Мандұқай қатын, Өгіл-қаймыш қатын, Сорқақ қатын, Теркен қатындарды да кемсіткен болып шығар едік. Бірақ олар қатын (госпожа) деген статуспен тарихта қалды…
Белгілі журналист
Жолымбет Мәкіштің facebook парақшасынан