Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында теңгенің әлсіреуіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz.
«Теңгенің құлдырағанын шынымен көріп отырмыз. Біздің, Ұлттық банктің макроэкномикалық моделін алып қарасақ баға мұндай болмауы керек. Бұл – психологиялық, саяси санкцияларға байланысты болып отырған мәселе. Біздің модель бойынша теңге бағамы мұндай болмауы тиіс еді. Иә, теңге бағамына деген ықпал бар. Корреляция 100% болмаса да, әжептәуір жоғары. Біздің көзқарасымыз бойынша, жыл соңына дейін инфляция біз қалаған дәлізден шамалы жоғары болады. Бізде дәліз – 5-7 пайыз. Сегіз айдың қорытындысы бойынша қазіргі дәліз 6% болса, жыл соңына дейін осылай аяқтамауды жоспарлаған едік. Теңгенің құлдырауынан соң 6,7-6,8% болуы мүмкін. Дегенмен 5-7 пайыздық дәлізден шықпаймыз», – деді министр.
«Салалардың өсімі бойынша теңгенің қазіргі бағамы 3,8 пайыздық өсімді белгілеген 2018 жылғы біздің мақсатқа қауіп төндірмейді. Сондықтан, ЖІӨ-ге қандайда бір өзгерістер енгізуді болжап отырған жоқпыз», – деді Сүлейменов.
Баспасөз мәслихаты аяқталған соң кулуарда журналистер министрге теңге бағамы туралы сауалдарын қайта қойды.
«Курс туралы жауап бермесем бола ма? Макроэконмикалық нәрселер туралы айта аламын. Бағамға қатысты айтар болсам, төмендейді деп есептеймін» – деп қайырды Сүлейменов.
Журналистер жауабына қанағаттанбаған соң министр девальвацияның не екенін түсіндіре бастады.
– Девальвацияның не екенін түсінуіміз керек. Сіз айтып көріңізші? – деп сұрады журналистердің бірінен.
– Валютаның бірден құнсыздануы.
– Қазір валюта бірден құнсызданды ма?
– Олай емес пе?
– Қаншаға? Сіздің пікіріңізше бірден құнсыздану дегеніміз?
– Тимур Маратұлы, бағам 383 болды, бұл дегеніміз өте қатты әлсіреу.
– Валютаның құнсыздануы жүріп жатыр. Оған не себеп болғанын ұлттық валютаның тұрақтылығына жауап беретін Ұлттық банктің басшысы Данияр Ақышевтан сұраңыздар. Ұлттық банкті «ұстап алу» қиын екенін түсінемін. Данияр Талғатұлы болмаса да, оның орынбасары бар», – деді ол.
Сондай-ақ, министр теңгенің құнсыздануына қатысты жағымсыз сценарий болса шаралар пакеті дайын екенін айтты.