Ақтөбеде отбасылық дәрігерді дәл бөлмесінде пышақтап кетті. 7 маусым күні сағат 12: 00-де белгісіз ер адам Досжанов көшесіндегі «Отбасылық емханаға» дәрігердің қабылдауына келген. Бөлмеге кіргеннен кейін, ол пакеттен пышағын шығарып, дәрігерге сұғып алған.
Бұл туралы Диапазон хабарлайды.
Дәрігерге пышақпен шабуылдап, жарақат келтірген азамат оны өлтіретінін айтып, айқайлаған. Пышақталған дәрігер алған жарақатына қарамастан, өзін өлтірмекші болған ер адамнан қашып құтылған. Содан кейін, медбике кабинеттің есігін жауып, полиция мен жедел жәрдем қызметін шақырған.
“Сағат 12: 01-де жедел жәрдем қызметіне «Отбасылық емханадан» қоңырау келіп, түсті. Сағат 12.10-да жедел жәрдем аталаған мекен-жайда болды, ал 12: 35-те науқас темір жол ауруханасына жеткізілді. Ол іш қуысынан жарақат алған. Бақытымызға орай, ішкі ағзаға зиян келмеген. Солға немесе оңға бір сантиметр қалғанда, ол өліп кетуші еді. Зардап шегушіге хирургиялық шағын ота жасалды. Бүгінгі күні оның жағдайы тұрақты, қанағаттанарлық деп бағалануда. Бірақ, пышақ іш қуысына терең енгендіктен, толық сауығу туралы айтуға әлі ертерек”,-деді Ақтөбе қаласының денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Гүлнәр Мамбетжанова.
“Осыдан кейін кім дәрігер болып жұмыс істегісі келеді дейсіз? Жарақат алған жігіт жас, бар болғаны 26 жаста. Ол студенттік өмірді енді ғана артта қалдырып, тәжірибе жинақтау үшін күніне мыңдаған науқас келетін, ең күрделі салада жұмыс істеп жүрді”,- дейді басқармасы бастығының орынбасары.
Бұл оқиғаға байланысты полиция бөлімшесі «Қасақана өлтіруге тырысқан» деген баппен дәрігерге шабуыл жасаған азаматтың үстінен іс қозғады. Бірақ көп ұзамай қала прокуратурасы орташа ауырлық бойынша қылмыстық іс қозғап, шабуылшыны «ешқайда кетпеу» туралы қолхатпен босатты.
Дереккөз: Stan.kz