Алматыда әскери ұшақты дөңгелексіз қондыра алған пилотты сот керісінше кінәлі деп тауып, 3 жылға бас бостандығынан айырды.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Оқыс оқиға әскери оқу-жаттығу кезінде болған. Кенеттен шассиі шықпай қалған Су-27 қара жерді сүзіп қонған. Ақауға қарамастан техниканы аман-есен қондырған 31 жастағы пилотты әріптестері мақтап, арқасынан қаққан болатын. Алайда әскери сот күтпеген шешім шығарды. Ұшқыш Радик Әшімов шассисіз қонғаны үшін кінәлі деп табылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын колонияда өтемек.
“Сот басталмай жатып, бәрі менің күйеуіме қырын қарады. Кінәсіздігін дәлелдеп тұрса да құлағына ілген жоқ. Техникалық ақау бола, ұшуға рұқсат берген басшылар неге жауапқа тартылмайды онда? Неге жалғыз менің күйеуім жауап беру керек. Ол керісінше апаттың алдын алды емес пе?!” – дейді Айнұр Тәңірбергенова.