Ақмола облысында өз-өзіне қол жұмсағандарды басқалардан бөлек жерлеу қолға алына бастапты.
Бұл Көкшетау маңындағы Красный Яр елді-мекені имамының бастамасы деп хабарлайды 31 телеарна.
Алғашқы жылдары бұл жағдайды түсінбеген халық шу шығарып, біразы наразылықтарын да білдірген. Бірақ, имам суицидті азайтып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін осындай шешім қабылдағандарын айтады.
“Жалпы, жас болсын, кәрі болсын, адам баласы өз-өзіне қол жұмсауы – үлкен қате. Шариғатқа сүйеніп, бөлек жерлеудің басты себебі де осы. Әбу ханифа мұны үлкен күнә деп есептеп, жаназасын шығарады.
Бірақ, олардың жаназасын фәтуа бойынша әкімдер, патшалар, имамдар емес, қатардағы намазхан адамдар шығарады.
Себебі, халыққа бұл жеккөрінішті амал екені көріну керек”, – дейді Красный Яр мешітінің бас имамы Науан Мүтәлұлы.
Имамның айтуынша, өз-өзіне қол жұмсағандардың бөлек жерленетінін көріп, өз-өзіне қол салу туралы ойынан бас тартқандар да болыпты.
“Суицид жасағандарды бөлек жерлеуге ауыл адамдары бастапқыда қарсы шыққанмен, уақыт өте дұрыс екендігіне көздері жетті”,- дейді Науан Мүтәлұлы.
Бас имамның сөздерінше, мұндағы басты мақсат: суицидтің алдын алу, адамдардың шалыс басуына жол бермеу екен.