2017 жылғы тамызда халықтың қолма-қол шетел валютасын (АҚШ доллары, Ресей рублі, еуро) сатып алу шығыстары нетто-негізде 313,6 миллиард теңге болды.
Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хвабарлайды.
Осы шығыстардың құрылымында негізгі көлем АҚШ долларын (93 пайыз) сатып алуға бағытталған, Ресей рублі мен еуроның үлесі тиісінше 1,5 және 5,5 пайыз.
“Алдыңғы аймен салыстырғанда қолма-қол шетел валютасын сатып алу шығыстары 59,6 пайызға ұлғайды, бұл ретте АҚШ долларын сатып алу шығыстары 2,2 есе өсті, Ресей рублі мен еуроны сатып алу шығыстары тиісінше 89 және 3 пайызға төмендеді”, – делінген ҰБ хабарламасында.
“Қолма-қол шетел валютасына сұраныс жеке тұлғалардың жеке шығыстарын (шетелге туристік сапарлар, шетелге ақша аударымдары, жинақтарды әртараптандыру) төлеу қажеттілігіне, негізінен сауда қызметін жүргізетін шағын кәсіпкерліктің жекелеген санаттарының қажеттілігіне негізделген”, – дейді банк өкілдері.
Тамызда қолма-қол шетел валютасын сатып алу көлемінің өсуіне бұрын Ұлттық банк мәлімдеген “негізсіз девальвациялық күтулердің артуы” да әсер етіпті.