Сенімді ақпарат көзінен белгілі болғандай, учаскелік инспекторлардың үстінен ҚР ҚК 4 бірдей бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Олар: 262-бап, 1,2б “Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу”. 297-бап, 3б, “Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу”.
361-бап, “Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану” және 362-бап, “Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану”. Бұл баптар бойынша айыптының бар мүлкi тәркiленiп, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ОҚО ІІД бұл жайтқа қатысты қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Ал жергілікті полиция басшылығы болса қарамағындағы қызметкерлерінің тұзаққа түсуін түсіндіре алмайтын боп шықты. Подполковник Данияр Мейірхан мырзадан телефон арқылы:
“Маған комментарий беруге болмайды, ішкі істер департаментінен сұраңыз”, – деген жауап алдық.
Шенділердің тұтқындалуына қатысты жергілікті прокурорлар да жақ ашпай отыр.
Сенімді ақпарат көзінің мəлімдеуінше, учаскелік инспекторлар 5 кило шикі апиынмен қолға түскен.
Қылмыстық топтың ересегі 34 жаста екен.