Шығыс Қазақстан облысы ішкі істер департаменті мен ҚР Жоғарғы сотының қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкерлері Өскеменнің шетінде екі адамды өлтіруге қатысы бар болуы мүмкін.
Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.
Алғаш бұл қылмыс жайлы ақпарат әлеуметтік желіде пайда болды. 2017 жылдың 31-наурызына қараған түні ағайынды екі жігітті белгісіз біреулер Шешек тауына қарай көлікпен алып кетіп, тегіс ұңғылы аңшы мылтығынан “айуандықпен атып тастағаны” хабарланған болатын. Марқұмдардың артында кәмелетке толмаған балалары қалды. Облыс прокуратурасының өкілдері осы оқиғаны тергеуінің мән-жайы туралы айтып берді.
Қадағалау органының өкілдері күдіктілердің қазір құқық қорғау және сот органдарында жұмыс істемейтінін баса атап өтті.
“2017 жылдың 31-наурызында Шығыс Қазақстан облысы тергеу басқармасы Өскеменнің екі тұрғынының өліміне қатысты тергеу бастады. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза болғандардың бірі бұрын С. есімді қаржы полициясы мен Жоғарғы соттың қауіпсіздік қызметінде істеген Астана тұрғынымен жанжалдасып қалған. Жанжал кезінде астаналық оларды атып тастаған. Аса ауыр қылмысқа қатысты күдікті қамауға алынды”, – делінген прокуратура хабарламасында.
Істің үлкен дау тудырғанына байланысты өңір прокуратурасы мен ІІД қызметкерлерінен ведомствоаралық комиссия құрылды. Комиссияны облыс прокуроры басқарады.