Қазақтың ұл-қыздарынан мықты хоккейшілер шықпай жүр. Содан болар, «Барыстың» канадалық шабуылшысы Мартен Сен-Пьерге Қазақстан азаматтығы беріліпті. Енді ол хоккейден Қазақстан құрамасында ойнай алады.
Бұл туралы Шайба.kz хабарлайды.
33 жастағы Оттава тумасы қатарынан екі жыл астаналық «Барыс» құрамында ойнаған. Бұл Қазақстан құрамасына Америка жақтан «тартылған» осымен бесінші легионер екен. Бұдан бұрын Қазақстан құрамасы канадалық Кевин Даллмэн, Найджел Доус, Дастин Бойд және америкалық Брэндон Боченскиді қазақ етіп жаздырып алған.
Сен-Пьердің өзі бұған қуанып жүр: «Мен ешқашан ұлттық құрама сапында хоккей ойнаған емеспін. Қазақстанның жейдесін киіп, мұз айдында жыртысудан кет әрі емеспін», депті бірде берген сұхбатында.
Сен-Пьер бізге керек сияқты. Осы сәуірдің 22-сі мен 28-і аралығында Киевте хоккейден бірінші дивизиондағы ұлттық құрамалар арасында әлем чемпионаты өтеді. «А» тобына түскен Қазақстан құрамасы элиталық дивизионға жолдама алу үшін Украина, Австрия, Польша, Венгрия және Оңтүстік Корея құрамаларымен таяқ түйістіреді.