Түркіменстанның мұнай-газ саласындағы мемлекеттік кәсіпорындарының басшылығы қызметкерлерінен “денсаулық және бақыт” айлығы аясында өтетін жаппай спорт жарыстарына ақша жинап жатыр.
Азаттық радиосы дереккөзінің хабарлауынша, кәсіпорындардың әрбір қызметкерінен 20 манаттан жиналады, қаражат көпшілік шараға қатысушыларға спорт киімін алуға жұмсалады. Спорт жарыстары сәуір айында елдің барлық аймақтарында өтеді, оны ұлттық телевидение көрсетеді.
Спорт жарыстарын ұйымдастыру үшін Түркіменстанның басқа да мемлекеттік мекемелерінің қызметкерлерінен ақша жиналып жатқаны туралы хабарлар түсіп жатыр. Бірақ ресми билік мұндай мәлімдемелерге қатысты пікір білдірмеді.
“Денсаулық және бақыт” айлығы – 2015 жылдан бері өткізілетін ресми шара. Мұндай шара бұған дейін де өткізіліп келген, бірақ ол кезде спорт жарыстары бір аптаға созылатын.