АҚШ-та “қашып кеткен” дәрігер Нұрбол Данияров Алматыға үйіне келді.
Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады. 29 жастағы Нұрбол Данияров 24-наурызда жұмысқа шыққанын айтты.
“Менде АҚШ-та қалу деген ешқандай мақсат болған жоқ. Еңбек демалысында болдым. Жоспарлағандай-ақ, қайтып келдім. Бірақ өндірістік қажеттілікке байланысты жұмысқа ертерек шақырды. Жұмысқа 24-наурызда шықтым”, – деді ол.
дәрігер әлеуметтік желілерде АҚШ-та оның “қашып кетуіне” қатысты мәліметті жоққа шығаруға дайындалып жатқанын айтып өтті.
“Қазіргі уақытта біз заңгермен менің ар-намысымды қорғау жайлы ақылдасып жатырмыз. Әріптестерім мені жақсы біледі, олар менің “қашып кеткім келгені” жайлы мәліметке сенбейді. Ешкім сенбейді. Аурухана басшылығы тарапынан да маған ешқандай сөздер айтылған жоқ”, – деді Данияров.
Еске сала кетейік, осыған дейін АҚШ-та жоғалған қазақстандық дәрігер “қашып кетуінің” себебін айтып берген болатын.
“Мен қашқан жоқпын, мен ешкімнің алдында жауап беруге міндетті емеспін. АҚШ-қа келе салысымен барлық ақшаны атқарушы директорға бердім. Біз тіпті ол компаниямен еңбек шартына отырмағанбыз. Олардың маған деген қарым-қатынасы мүлде ұнамады. Осында келгенге дейін басқа дүние, ал келген соң басқа дүниелер айтылды. Сенбеңіздер, мен ешкімді алдаған жоқпын, елімді, Отанымды алдаған жоқпын”, – деген еді Данияров. Ал кейінірек дәрігердің Қазақстанға наурыздан қалмай оралатыны жайлы хабарланған болатын.