Арман Шораев «Қазақстан Барысы» додасының биылғы сыйақысы былтырғы жылдағы көлемінен кем болмайтынын мәлім етті.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Жүлде қоры биыл кеміген жоқ, былтырғы жылдағыдан көп болуы да мүмкін. Былтыр осы доданың үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев 25 миллион теңге мен Астанадан пәтер алған болатын. Биыл да жүлде қоры одан аз болмайтынына сенімдімін», – деді Қазақстанның Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
«Турнирдің жаңашылдықтары туралы айтатын болсақ, біз «Әскер Барысы» турнирінің екі жеңімпазын анықтайтын боламыз», – деді Арман Шораев. Оның атап өткеніндей, барлық қатысушылар допингке тексеріледі.
«Қазақстан Барысы» жеңімпазына тиесілі сыйақы WADA-ның (Бүкіләлемдік антидопингтік агенттік) шешімінен кейін беріледі. Төрешілер дауынан кейін додадан шеттетілген «Қазақстан Барысы-2014» жеңімпазы Мұхит Тұрсынов іріктеуге қатыса алатын болды.