Ресейдің Тула қаласында полиция өзбек диаспорасының басшысын қамауға алды. Тергеу мәліметі бойынша, ол өзінің отандастарын бопсалаумен айналысқан. “Достастық” ұйымының жетекшісі Талиб Исажановтың үстінен, шамамен, 70 өзбек мигранты шағымданған. Тула соты Исажановты екі айға қамауға алды.
Репортажда жүзге жуық өзбек мигранты диаспора басшысына ай сайын 2 мың рубль төлеп келгені айтылған.
Өзбектердің жалпыресейлік конгресінің басшысы Ибрагим Худайбердиевтің айтуынша, “Достастық” қоғамдық ұйымының өкілдері “қара бригадирлер” ретінде жұмыс істеп келген.
“Олар мигранттарды Ресейден шығарамыз деп қорқытып, ай сайынғы салықты төлемегендерді ұйым жертөлесінде ұрған”, – деді ол.