Енді Қазақстанның аваикомпаниялары Транссібір бағыттары арқылы ұша алады.
Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Еске сала кетелік,
2016 жылдың наурызында Ресей мен Қазақстан арасында әуе байланысына қатысты дау бұрқ еткен болатын.
Ол кезде Ресейдің әуедегі көлік федеральдық агенттігі Қазақстанның ұлттық әуе тасымалдаушыларына өзінің әуе кеңістігінен өту тегін болмайтынын айтып, тыйым салды. “Эйр Астана” бұл шешімді негізсіз деп мәлімдеді. Компаниядағылар ресейлік тарап 300 шақырым сайынға құн белгіленгенін айтты. Соның салдарынан Қазақстанның әуе компаниялары Моңғолия астанасына тікелей рейс ашу бастамасын доғаруға мәжбүр болған. Міне, енді осы даулы мәселе тараптар үшін тиімді шешіліп отыр.
«Екіжақты серіктестік қарым-қатынастардың қалыптасуына байланысты Қазақстан мен Ресей Федерациясының әуе кеңістігі арқылы ұшу жөнінде келісім жасалды. Бірқатар келісімдердің қорытындылары бойынша, қазақстандық компанияларға Ұлан Батыр мен Токио сияқты қалаларға жол ашатын Транссібір бағытын пайдалану арқылы ұшуға құқық берілді. Бұл мәселе ұзақ уақыт бойы талқыланған болатын»,-деп хабарлады ведомство өкілдері.
«Бұған қоса, қазақстандық тасымалдаушылар Астана-Байқоңыр және «Алматы-Байқоңыр» бағыттары бойынша күнделікті рейстерді жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Тараптар келісімді хат алмасу арқылы бекітті», министрліктің баспасөз қызметінің хабарламасында.