Қырғызстан билігі БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетінің өмір бойына түрме жазасына кесілген Әзімжан Асқаровты босату жөніндегі ұсынысын орындамады. Amnesty International ұйымының 2016 жылға арналған әлемдегі адам құқықтарының бұзылуы жөніндегі баяндамада осылай деп айтылады.
Құжатқа сәйкес, 2016 жылдың 31 наурызында БҰҰ комитеті Қырғызстанды 2010 жылы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды, милиция қызметкерін өлтірді деген айыппен өмір бойы түрме жазасына кесілген Асқаровты босатуға шақырған. Комитет оны заңсыз қамаған, түрмеде зорлық-зомбылық көрсеткен, сот әділетті болмады деп шешкен.
Еске сала кетейік, Шу облыстық соты 2017 жылдың 24 қаңтарында Әзімжан Асқаровқа кесілген өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын күшінде қалдырды.