Тәжікстан билігінің мәлімдеуінше, Ресей президенті Владимир Путиннің ақпан айында Душанбеге сапары барысында бірнеше келісім қабылданады.
Тәжікстанның сауда және экономикалық даму министрі Неъматулло Хикматуллозоданың айтуынша, бұл келісімдер Ресейдің бірнеше ірі аймақтарымен экономикалық әріптестікті нығайтуға бағытталған. Бірақ ол келісімдердің нақты не туралы екендігі Ресей президентінің сапары кезінде белгілі болады.
Көптеген сарапшылар Путиннің Душанбеге сапары кезінде Тәжікстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіру мәселесі көтеріледі деп болжайды. Бірақ министр Неъматулло Хикматуллозоданың айтуынша, «бұл мәселе әлі талқыланып жатыр, Душанбе осы ұйымға кірген елдердің тәжірибесін зерттеп біткен жоқ».
Владимир Путин соңғы рет тәжік астанасына 2015 жылы қыркүйекте Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты ұйымы саммиті кезінде барған. Сол кезде ол Тәжікстанды “Ресейдің стратегиялық әріптесі” деп атаған.