Есірткі сатты деген айыппен Қытай Халық Республикасының түрмесінде отырған Қазақстан азаматшасы Ақжарқын Тұрлыбай қазір қытай түрмесінде жұмыс істеп жүр.
Бұл туралы Қазақпарат хабарлады.
«Ақжарқын тергеу абақтысында бірреттік пакеттерге қолғаптар мен басқа да бұйымдарды салып, қаптайды. Ақжарқын күнде Қытай теледидары арқылы жаңалықтарды тыңдай алады (күніне 1-1,5 сағат теледидар көруге рұқсат етілген – агенттік). Ақжарқын келесі жолы отбасымен бірге түскен суреттерін беріп жіберуді өтінді. Көзілдірік мәселесін шешіп бердік. Бұрын оның камерасында ыстық су болмаған, қазір бұл мәселе де шешілген», – деді ҚазАқпарат тілшісімен әңгімелескен ҚХР-дағы Қазақстан Елшілігінің консулдық бөлім жетекшісі Болат Сырлыбаев.
Еске сала кетейік, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Гуанчжоу әуежайында 4,5 келі есірткімен ұсталған болатын. Ол Малайзияға сәнді киімдердің курьері болып жұмыс жасауға аттанғанын айтып кеткен. Қыздың өзі есірткіні оған арандатушылар салып жібергеніне сенімді. Бұл іске қатысты Қытай соты ауыр жаза тағайындап, оны өмір бойы бас бостандығынан айырған болатын.
Алайда кейін, Есірткі, психотропты заттардың заңсыз айналымымен күрес Орталық Азиялық аймақтық орталығы жас қыз нигериялық есірткі мафиясының құрбаны болуы мүмкін екенін айтқан. 2016 жылдың 7 сәуірінде апелляциялық сот сатысы Ақжарқын Тұрлыбайды өмір бойына бас бостандығынан айырған сот үкімінің заңды күшін тоқтатып, алғашқы сот сатысына істі қайта қарау туралы қаулы шығарған.