Танымал блогер, экономика сарапшысы Денис Кривошеев Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жаңа басшысына сұрақ қойғысы келіп, қанша талпынса да онысынан түк шықпапты.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жаңа басшы тағайындалады, осыған байланысты баспасөз мәслихаты өткізіледі деп сөз шықты, бірақ оның қай кезде қандай жерде өтетіндігі туралы ақпарат болмады. Осылай деп жазған Кривошеев Facebook-тегі жеке парақшасында Ұлттық банктің БАҚ-пен жұмыс істегісі келмейтінін әшкерелеп, халыққа тиесілі дүние туралы тіс жарғысы келмеуін ұлттық мүддені аяқ-асты ету деп салған.
“Кеше мен баспасөз қызметіне хабарластым. Ол арадағы Сәуле деген қыз өзін осы мәселемен үшінші күн мазалап жатқанын, баспасөз мәслихаты туралы ешнәрсе естімегенін айтты. Бірақ мен бұл баспасөз мәслихатына қатысқым келетінімді айтып, ол өткізілетін болса, маған хабар беруді өтіндім. Сөйтіп бір хабар күтіп жүргем.
Бүгін, міне 3 сағат бұрын әлгі баспасөз мәслихатының ақыры өтіп кеткенін білдім. Сөйтсем оған таңдаулы БАҚ өкілдері іріктеліп шақырылыпты. Бұдан Ұлттық банк таңдау жасау арқылы БАҚ-пен байланыс жүргізгісі келмейді деген қорытынды шығаруға болады. Ал ол өз кезегінде мемлекеттік органдар ашықтығы туралы Елбасының жолдауында айтылғандарға қарама-қайшы келеді.
Мен қоғамдық сыбайлас жемқорлыққа қарсы омбудсмен ретінде Ұлттық банк пен оның баспасөз қызметіне шағымданғым келеді. Өйткені олар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қоғамдық қызметіне жан-жақты кедергі келтіруде.
“Бузул Аурум” компаниясының күмәнді акциясын сатып алып, зейнетақы жинағы ақшасын ҚР Ұлттық банктің лизенциясын өзі тартып алып қойған Қазинвестбанктің депозитіне салу ықтмалдылығына қатысты қоғамның жадында сан сауал бар. Мұндай дүрбелеңнен соң халық өзінің зейнетақы жинағына алаң.
ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне де бұл фактіні ескеруді сұраймын. Өйткені Ұлттық банк ұлттық мүддені елемей отыр, мәлесені ашып айтпайды, жан-жақты талқыға қоғам өкілдерін қатыстырмайды. Тіпті, кей кезде оған кедергі келтіріп те отырған секілді”
делінеді Кривошеевтің жазбасында.
Еске сала кетелік, кеше Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жаңа басшысы тағайындалды. Ол – бұрын Тұрғынүй құрылыс жинақты басқарған Нұрбибі Наурызбаева. Ол адамның өзі осы соңғы қызметінен жемқорлыққа қатысты үлкен даудан соң кеткен болатын.