Жылжымайтын мүлік нарығын алаяқтар жайлап барады! Алматыда жалға алуға пәтер тауып беремін деп, ақырында жұртты сан соқтырып кететін маклерлер көбейген. Олар адамдарды алдаудың түрлі әдісін қолданады. Алаяқ риэлторлық агенттіктер жалған баға мен сурет арқылы жұртты қызықтырып, артынша алдап кететін болған.
Бұл туралы КТК хабарлады.
Диас Есәлиев, Алматы қаласының тұрғыны:
– Жақсы пәтер табамын деп қашып кетті. Алданған жалғыз мен емес. Мәселе ақшада емес.Адамгершілік болу керек қой.
Бұл отбасы жалға пәтер алу үшін маклерге 15 мың теңгені беріп, келісім-шартқа отырған. Ал қазір не баспана таппаған, алдын ала берген ақшасы жоқ. Тіпті алдап соққан риэлторлық агенттік өкілдері оларға дұрыс жауап та қатпады.
Сорақысы, жұрт сан соғып қалғанын заң алдында да дәлелдей алмауы мүмкін. Өйткені келісім шартты бәрі бірдей мұқият оқымайды. Яғни, қол қойған құжатта пәтер туралы бір ауыз сөз жазылмаған. Тек ауызша ақпараттық қызмет көрсетіледі делініпті. Тіпті оның не туралы ақпарат екені де түсініксіз. Ал клиенттердің түгелге дерлігі мұны оқымай, қол қойған.
Нина Лукьяненко, Қазақстан Риэлторлар қауымдастығының вице-президенті:
– Жұрт риэлтордың қызметіне жүгінгенде ештеңе сұрамайды. Ол расымен осы саланың маманы ма, оны дәлелдейтін құжаты бар ма? Клиенттерге бәрібір. Бей-жай қарайды. Соның салдарынан сапасыз қызмет пен осындай келеңсіз жағдайларға тап болуда.
Енді маклерлерге алданған он адам бірігіп сотқа шағымданбақ. Алайда жұрттың ақшасын алып, жер сипатып кеткендердің жазадан да сытылып кететін түрі бар. Себебі, алаяқтардың ауызша уәдесін заң алдында дәлелдеу қиын. Сондықтан пәтер туралы келісім-шартқа отырар алдында оны егжей-тегжейлі оқу маңызды. Ал, маклерге қып-қызыл ақшаны ұстатқанда, оның ешқандай да қызмет көрсетпейтінін естен шығармаған абзал.