ҚР Қылмыстық кодексінің алты бабы бойынша айыпталған Алматы қаржы полициясының бұрынғы бастығы Әмірхан Аманбаевтың соты басталып кетті.
Ақпарат құралдары “Сұсты генерал” атап кеткен Алматы қаласы қаржы полициясының бұрынғы басшысы Әмірхан Аманбаев сотта түсініктеме беріп жатыр. Ол ары мен абыройын бәрінен жоғары қоятынын айтып, өзіне тағылған барлық айыпты жала дейді, деп хабарлады Іnformburo.kz.
Ол біздің тергеу изоляторында кез-келген адамды кез-келген нәрсеге көндіруге болатынын айтты.
“Құрметті мемлекеттік айыптаушы мырзалар, Сіздер ешқашан уақытша қамау абақтысында болып көрген жоқсыздар, қамауға алынған емессіздер, ұсталып көрген жоқсыздар. Бірақ ол жерде сіз тіпті, АҚШ президентіне қастандық жасап, Қазақстан тұрмақ, өзге елдердегі мемлекеттік төңкерістерге қатысыңыз барын да мойындайсыз. Сіздер мұның не екенін білмейсіздер, сондықтан мен өзіме тағылған айыптарға түсіністікпен қарап, куәгерлерді сөкпеймін”.
“Мен Қазақстандағы ең сорлы адам емеспін! Ешқашан алаяқтық, оңбағандық жасаған жоқпын. Арымды да, ожданымды да сатпадым. Әрқашан заң мен отаныма қызмет еттім. Ал бүгін мені таптап тастамақ. Мен не істеуім керек? Әрине, мен наразымын!” – деді Аманбаев.
Аманбаев өмірінің тең жартысын арнаған жүйенің өзінен теріс айналып кеткеніне қатты ашынады.
“Біздің бәріміз де айыптымыз. Бәріміз де бірдеңе бүлдіргенбіз. Құрметті сот, егер мен кінәлі болсам, 10 жыл дейсіз бе, 20 жыл дейсіз бе, отыруға дайынмын. Бірақ мені ешкім тізерлете алмайды, тіпті, прокуратура да” – деді сотта ол.
“Қостанай облысының прокуроры болдым. Бір уыс топырақ та алған жоқпын, тіпті, қызметтік пәтерімді де өткізіп кеттім. Қарағанды облысының прокуроры бола тұра, пәтерімді де тастап кеттім. Ол туралы ешкім жақ ашпайды. Егер мен оңбаған болсам, мені мақтап, ешкім мінездеме бермес еді” – деді Аманбаев.
Ол әділдік орнайтынына сенімді, сондықтан соңына дейін күреспек.
“Халық бәрін біліп отыр. Шындық әрдайым қымбат. Күндердің күні шындық дегеніне жетеді. Ал бүгін айтып жатқандары ойдан шығарылған, ол сол адамдардың санасына берсін. Мен түрмеден қорықпаймын. Бас бостандығымнан айырса – айыра берсін. Маған арым қымбат. Мен бәрібір күресемін. Енді мен осы былықты жасап жатқандармен күресемін” – деді ол.
Аманбаев оның “негізді дәлелдері” келешек ұрпақ үшін әлі құнды мұра болады деп сенеді.
“Тіпті, 37-жылғылар да ақталды ғой, осыған қатыстыларды кейіннен ату жазасына да кесті. Тіпті, біздің Қазақстан тарихын алалық: 86 жыл, барлығын біз алқаш, бұзақылар деп мойындадық. Ал нәтижесінде не болды? Барлығы айналысты, барлығы қолын бұлғады. Соның барлығы қазір қайда? Ешқайсысы жоқ! Бұл іспен кімнің айналысқанын, ешқайсысын білмейміз. Сол аласапыран басында кім тұрды? Есесіне, сол көтеріліске қатысқандар ұлт қаһарманы болып шықты, ақыры жеңді. Үнемі осылай болады. Мен ешқандай қылмыс жасаған жоқпын, мен үшін шеніме селкеу түсіру – өліммен тең”, – деп сөзін қорытты Аманбаев.
“Сұсты генерал” ісі бойынша 36 адамға айып тағылған. Олар 2012 және 2014 жылдарғы қылмысқа қатысы бар деп айыпталады. Атап айтқанда, жалған кәсіпкерлік, қылмыстық қауымдастықты құру және оны басқару, қылмыстық жолмен табылған ақша немесе мүлікті жылыстату, ірі көлемде пара алу бойынша айыптар тағылды.
Айыптаушы тараптың дерегіне сәйкес, Аманбаевтың ұйымдасқан қылмыстық топ айналымдағы капиталы 77 млрд теңгені құрайтын 78 жалған кәсіпорын құрған. Олардың қызметі салдарынан бюджетке 24 млрд теңге салық түспей қалған.
Еске сала кетелік, жуырда Атырау қалалық ішкі істер басқармасының 9 полицейін істі қылып, осы саланың былығын ашқан олардың бұрынғы әріптесі Манарбек Өтеуов сотта күтпеген мәлімдеме жасады.
Ол осыған дейінгі түсініктемесінен бас тартып, өзіне тағылған барлық айыпты мойнына алатынын мәлімдеген. Алайда ол мұны айыпты болғандықтан емес, өзіне қысым жасалғандықтан, отбасы үшін қорыққандықтан жасағанын айтты. Ол уақытша ұстау изоляторындағы күштеуден әбден шаршағандықтан қасық жұтып, ауруханаға да түскенін айтқан болатын.