Астанада 24 қарашада Қазақстандағы сексуалдық зорлық мәселелеріне арналған конференция өтеді. Оған мәжіліс депутаттары, халықаралық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері ғана емес, сексуалдық зорлық құрбандары да қатысады.
Алматы облысы Есік қаласының тұрғыны Жібек Мусинова бір топ кісінің сексуалдық зорлығына тап болғанын әлеуметтік желілерде хабарлаған соң, оның тағдыры қоғам назарына ілікті. Жібек – “Үнсіз қалма” азаматтық қозғалысының үш құрылтайшысының бірі.
“Қазіргі таңда “Үнсіз қалма” азаматтық қозғалысы сексуалдық зорлыққа қатысты сегіз сот ісіне қатысып жүр. Мен полицияның медициналық сараптама және травматология мамандарымен келісіп алғандарын жақсы білемін. Жемқорлық жүйе қалыптасқан, мысалы, травматолог соққы деңгейін азайтып көрсетіп бере алады. Полиция жәбірленушіні күдіктіге кешірім беруге үгіттейді, сөйтіп қылмыскер полиция мен медициналық сараптамаға ақша төлеп құтылады”, – деді Дина Смаилова.
“Үнсіз қалма” қоғамдық қозғалысында Қазақстанның түрлі қалаларынан 30-дан астам белсенді бар. Олардың көбі сексуалдық немесе тұрмыстық зорлық-зомбылықты бастан өткерген әйелдер. Дина Смайылованың өзі кішкентай кезінде зорлық көрген. Ол “Мен айтудан қорықпаймын” және “Үнсіз қалма” акциясын қолдап, басынан өткерген оқиғаны баяндап берді. Содан кейін оған көптеген әйел хабарласа бастаған. Зорлық көрген әйелдерге көмектесу қозғалысы осылай құрылды.