Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
7
USD
442
-1.91
EUR
474
-2.45
RUB
4.75
-0.07

Қазақстан экспорттаушы 50 елдің қатарына енді

Брифингте аталған комитет төра­ға­сының орынбасары отандық брендтті жасап, оны шетелге насихаттауда ат­қарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Оның айтуынша, қазіргі кезде еліміз 118 мемлекетке тауардың 970 түрін сатумен айналысып жатыр. Жылына шамамен 200 мыңнан аса отандық өнім шетелге сатылады.

– Бүгінде елімізде шетелге отандық өнімдерді шығарумен 1 800 экспорттаушы жұмыс істейді. Олар тұрақты түрде 1 млн АҚШ долларынан астам пайда түсіріп отыр, – деді Тимур Нұрашев.

Сонымен бірге, ол ауыл шаруашылығы кешенінде еліміздің бетке ұстар маркаларын жасау үшін «Qazaq Organic Food», «Халал», «Ет бренді» брендтерінің әзір­лен­генін айтты.

«Бұл брендтер бел­гілі бір нарыққа бағытталған. Бұдан бас­қа біз еліміздің атын әлемге таныту үшін 10 компанияны арнайы таңдап алдық. Қазіргі кезде олардың өнімдеріне жақын және алыс шетелдер қызығушылық танытып жатыр. Мысалы, еліміздің ет өнімдері Қытай, Ресей, Таяу Шығыс пен Австралия сияқты елдердің сұранысына ие. Ал араб мемлекеттерін халал өнімдері қызықтырады. Әрине, араб елдеріне біз арнайы тексеруден өткен өнімдерді жеткіземіз», деді Тимур Нұрашев.

Баспасөз мәслихатында «Сарап­та­ма­лық орталық» ЖШС бас директоры Қайрат Сәдуақасов отандық брендтерді жасаудың маңыздылығы туралы айтып берді. Ол елімізде жеңіл және ауыр өнеркәсіпті дамыту үшін брендтер жасау керектігін, осының өзі әлемге қазақстандық өнімді насихаттауда және дамытуда маңызды рөл атқаратынын айтты.

– Қазіргі таңда Қазақстан экспорттау­шы ірі 50 елдің қатарына кіреді. Еліміз тәуелсіздік алған кезден бері шетелге уран, ұн, бидай, мұнай және басқа да өнімдерді шығарумен айналысуда. Ал шикі мұнай мен ет өнімдері жақсы сатылып жатыр. Мысалы, бір Қытайдың өзі жыл сайын елімізден 800 000 тонна сиыр етін алса, еліміз шикі мұнай сатумен айналысатын 10 мемлекеттің қатарына кіреді, – деді ол.

Қорыта айтқанда, брифингке қаты­су­шылар отандық брендті жасауда және оны қолдауда мемлекет тарапынан қолда бар мүмкіндіктің жасалатынын атап өтті.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз