Биыл өткен жылмен салыстырғанда дүниеге келген адам саны 4 мыңға көп екен.
Қазақстанда туу көрсеткішінің күрт өсімі тіркелді. 2016 жылдың 4 айында дүниеге 131 мың Қазақстан азаматы дүниеге келген. Бұл көрсеткіш 2015 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 4 мыңға көп деп хабарлады Ranking.kz.
Қазақстандағы жас отбасылар көбейгісі келеді, бірақ әлеуметтік жағдай оған көбіне мұрша бермейтіні белгілі.
Қазіргі жағдайда бір баласы бар, отағасы ғана толық жұмыс істейтін жас отбасыға жаңадан салынған үйлерден бір пәтерлі баспана (34 шаршы метр) сатып алу үшін кем дегенде 18 жыл, ал екінші нарықтан сатып алу үшін – 13 жыл қажет.
Ал жас отбасыларға бізде тегін үй қарастырылмайды, мұндай мемлекеттік бағдарлама әлдеқашан тоқтаған. Ал коммерциялық банктің сыйақы мөлшерлемелері өте қымбат.
Жас отбасыларға Тұрғын үй құрылыс жинақ банктен депозит ашып, 4 пайыз жеңілдетілген ипотекалық несие алу мүмкіндігі бар. Алайда төлем қабілеттілігіне байланысты да бұл жеңілдетілген ипотекалық несиені алу процесі қиындай түседі.