Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильин өзінің жаңа жұмыс орны – ұлттық және штаттық командалар дирекциясының кеңесшісі қызметіне кірісті. Дегенмен, онымен Ильяның спорттық мансабы аяқталмайды.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Айта кетейік, күні кеше Илья Ильин ұлттық және штаттық командалар дирекциясының кеңесшісі қызметіне тағайындалған болатын. Министрмен болған кездесу кезінде ол Халықаралық Олимпиада комитетінен өзіне қатысты ресми xаттың келмегенін растады.
«Мемлекет басшысына мың алғыс айтамыз. Шыны керек, барлық спортшылар үшін ол үлкен соққы болды. Маған қатысты ресми xат әлі келген жоқ. Дегенмен, мемлекеттің осындай қамқорлық жасап жатқаны қуантады. Мүмкіндік болса, Нұрсұлтан Әбішұлына менің атымнан алғыс айтыңызшы. Мені сұраса, бәрі дұрыс, аман-есенмін деңіз», – деп атап өтті И.Ильин.