Қазақстан ауыр атлетика құрамасының бас жаттықтырушысы Алексей Ни “Егемен Қазақстанға” сұхбат беріпті. Шәкірттерінің басы қалай дауға қалғанын айтқан екен Ни.
Нидің айтуынша, бір елдің ықпалды тұлғалары өздеріне сайыста бәсекелес бола алатын келесі елдердің белді спортшыларын осындай жолмен қатардан шығарып тастауды қолға алған.
– Оларға өздері емін-еркін шығып тұра алатын тұғыр керек. Ал таза текетіресте олар мұны жасай алмайды. Сондықтан қандай да бір қарау жолмен болсын, әлеуетті қарсыластарына қара күйе жағып бағуға тырысады. Бұл жолда ондайлар ештеңеден шімірікпейді. Әйтпесе, жап-жас Илья Ильин, мысалы, 2008 жылы Қытай астанасында айды аспаннан бір-ақ шығарған кезде бұлар қайда қалған? Неге бірден су бетіне қалқытып шығара қоймады? Содан кейін Альбион жерінде екінші рет жұлдыз болып жанған шағында неге дабыл қақпаған? Себебі, ол сәтте бұлардың қолдарында ештеңе де болмаған. Қазір де жоқ. Бірақ Ильяның Риода үшінші рет өздеріне енші бере қоймасын сезгеннен кейін дереу «жоқтан бар» жасайтын тірлікке ұрынып, осындай қиямпұрыстықтарға барып отыр, – дейді ұлттық құрама бапкері.
Бұдан бұрын біздің ауыр атлет Светлана Подобедова өзінің спорттық мансабын аяқтайтынын айтқан және алтын медалімді қайтармаймын деп мәлімдеген. Нидің бұған қатысты ой-пайымы мынадай екен:
“Светаны жақсы түсінемін. Дәл мынадай соққыдан кейін кім-кімнің де қайта көтеріліп кетуі өте қиынға соғады. Оның үстіне, ол үлбіреп тұрған жас емес, қайта бекініп, тастүйін болып шығу енді, тіпті, қиындап кетеді. Сондықтан атлеттің медаль жөніндегі айтқанына да ештеңе алып-қоса алмаймын. Қалай дегенде де, ол осы медаль үшін барын салды, жанын шүберекке түйді. Бұған спортшының бір өзі ғана емес, қаншама адам, команда қызмет етті”.
Мұны Нидің өзі де білмейді екен. Бірақ, бәрібір де шәкірттерінің кінәсіздігін қайталаумен болған.
– Қайта тексеру Олимпиада ойындары өткесін 4 жылдан кейін жасалып жатыр. Сол себепті, спорттан шеттету уақыты спортшылардан сынама алынған уақытынан бастап есептелуі керек деп санаймын. Мәселен, оның берілген мерзімі 4 жыл болса, биылғы жылдың соңында ол аяқталуы тиіс. Бірақ бұлардың бәрі — менің болжамым ғана, – дейді ол.
Нидің пайымдауынша, мұндай мүмкіндік бар. Бірақ… олардан күдер үзе беруге тура келетін сияқты. Бас бапкердің сөз ыңғайынан осыны аңғардық.
— Негізінен, бәрін басынан бастауға тура келетін түрі бар. Жаңа өсіп келе жатқан жас атлеттерімізге көбірек назар аударып, соларға күш саламыз. Солардың қатарынан жаңа команда жасақтап алуға бағыт ұстаймыз. Қазір де біздің жоспарымызға кіріп қойған біраз талантты жас бар, – деген екен сөзінің соңында Алексей Ни.