Бүгін Астанада Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченконың қатысуымен қаржылық тергеп-тексеру және ұрланған активтерді қайтару жөніндегі мамандандырылған семинардың екінші отырысы өтті.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Семинардың ашылуына ҚР Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ұлан Байжанов, АҚШ Мемлекеттік Хатшысының халықаралық есірткіге қарсы күрес және құқық қорғау қызметі жөніндегі көмекшісі Уильям Браунфилд және ҚР-дағы АҚШ елшісі Джордж Крол, БҰҰ Есірткімен және қылмыстылықпен күрес бойынша басқармасының бөлім басшысы (БҰҰ ЕҚБ, Вена) Тофик Муршудлу, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің саяси мәселелер жөніндегі офицері Колин МакКаллау, сонымен қатар қазақстандық аналитиктер, тергеушілер, прокурорлар және судьялар қатысты.
– Бұл бастама аясында, тергеушілер мен прокурорларды оқытудан басқа, шетелден ұрланған активтерді қайтару бойынша тиімді жұмыс жүргізу үшін құқық қорғау органдарының әдістемелік және нормативтік базасын құруға бағытталған жүйелі шаралар жасалады.
Бұдан бөлек, Еуропадағы «CARIN» және Азиядағы «ARIN-AP» әлемдік ақпарат алмасу желілеріне қосылуы жоспарлануда. Бүкіләлемдік банк пен БҰҰ-ның «Ұрланған активтерді қайтару жөніндегі бастамасы – «StAR» жобасына қосылуға сұрау хат жолданды, – деді Бас Прокурордың орынбасары Андрей Кравченко.