Алматыда қисайған тағы бір 9 қабатты үйдің тұрғындары түгел қауіпсіз жерге көшірілді. Ал ғимараттың өзі қалпына келтірілетін болды. Сондай-ақ, «Алғабас» ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің барлығы арнайы тексеруден өткізіледі.
Бұл туралы КТК хабарлайды.
Апатты деп танылған №148 үйдің бірқатар тұрғындары басқа үйлерге орналастырылса, кейбіріне пәтер жалдағаны үшін өтемақы төленуде. Сондай-ақ, олармен күн сайын кездесу өткізіліп, мәселе талқыланып жатыр. Айта кетейік, бұл «Алғабас» ықшамауданында қисайған үшінші үй. Енді оны қалпына келтіріп, тұрғындарға қайтарып бермек. Ол жұмыстардың шығынын сол ғимаратты салған құрылыс компаниясы мойнына алады. Сонымен бірге, жыл соңына дейін аталған ықшамаудандағы барлық 9 қабатты үйлер түгел тексеріліп, екі кезең бойынша қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек.
-Қалпына келтіру жұмыстарын бастау үшін қоршаумен қоршалып, арнайы КазНИИСА деген мекеменің есептеулерінің барлығы алынып, жұмыстар орындалатын болады. Жұмыстарды жуық арада бастап, толығымен екі айда бітіруді көздеп отырмыз.