Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының медициналық жедел жәрдем стансасының жұмыстан қуылған дәрігерлері өз қызметіне қайта оралды.
Бұл туралы Otyrar.kz хабарлады.
Дәрігерлердің жұмыстан қуылуына интернетте пайда болған сурет себеп еді. Суретте табиғат аясында демалған дәрігерлер ұжымы жанында “Жедел жәрдем” көлігі тұрған болатын.
Одан кейін медициналық көлікті мақсаттан тыс пайдаланған үш қызметкер жұмыстан қуылған.
Осы оқиғадан соң аға дәрігер мен бас дәрігердің орынбасары жұмыстан қуылды, ал бас дәрігер өз еркімен басқа жұмысқа ауысқан. Алайда арада бірнеше ай өткен соң қос дәрігер де сот шешімімен өз қызметіне оралды.
Құдірет Үстелбаев, ОҚО Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары:
– 2016 жылдың 11-тамыздағы соттың қаулысына сәйкес, екі қызметкер де өз мансабын сақтап қалды. Ал 17-тамыздан бастап, олар жұмысқа шықты. Сот екеуінің болған оқиғаға кінәсі жоқ деп шешті.
Сөйтсе сот қоғамның қызу талқысын туғызған суреттің медициналық көмек стансасы территориясы маңында түсірілгенін анықтаған.