Ақмолалық полицейлер із-түссіз жоғалып кеткен Мақпал Жолдыбаеваны Астанадан тапты.
Бұл туралы bnews.kz хабарлайды.
«Жедел іздестіру шаралары кезінде Мақпал Жолдыбаеваның қазір Астанада жүргені анықталды. Қасында анасы бар. Іздеу операциясы аяқталды», – деп мәлімдеді Ақмола облысы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Естеріңізге салып өтсек, 17 тамызда Жақсы АІІБ-ға Жақсы кентінің тұрғынынан 22 жастағы Мақпал Жолдыбаеваның жоғалып кеткені туралы арыз түсті. Анасының айтуынша, 16 тамыз күні бойжеткен үйінен шығып, сол күйі оралмаған. Ол 2010 жылдан бері елордада тұрады екен. Астанада білім алып, кейін жұмыс істеуге қалған.
Мақпалдың құрбысы жақында оған таныс жігіті қоңырау шалып, Астанаға шақырғанын айтты. Ал 18 тамызда бойжеткен «ВКонтакте» әлеуметтік желісі арқылы өзінің елордада екенін және үйіне қайтып оралуға ниеті жоқ екенін хабарлаған.