Ұлыбританияның Еуро Одақтан шығуы 2019 жылдың соңына қалдырылуы мүмкін, себебі бұл процеске жауапты мекеме дайындалып үлгермейді.
Бұл туралы The Sunday Times газетіне сілтеме жасап, ТАСС агенттігі хабарлады.
Еуропа одағына мүше елдің одақтан шығу механизмін қарастыратын Лиссабон келісімінің 50-бабын қолдану туралы келіссөздер жүргізу 2017 жылға жоспарланған.
“Саяси қысымға қарамастан, Еуропа одағынан және халықаралық саудадан шығумен айналысатын мекеме дайын болмағандықтан, премьер-министрге бұл процесті бастау мерзімін кейінге қалдыруға тура келеді” деп жазды The Sunday Times газеті.
23 маусымда болған референдумде британдықтардың көпшілігі Ұлбританияның Еуропа одағынан шығуын қолдап дауыс берді. Шығу рәсімі екі жылға созылуы мүмкін деп болжанған.