Байқайсыз ба, Кәрім Мәсімовті қазақтар көп жақтыра бермейді. Шынында да, қазір бұ кісің қазақтарға қалай жағынарын білмей жүр. Тіпті соңғы кезде сұмдық популизммен айналысып, қызық болып жатыр өзі. Мәсімов енді Ресей премьер-министрімен кездесіп, “Кенесары мен Кейкі батырдың бастарын сұраймын”, депті Твиттерінде.
Міне, ғажап! Осы уақытқа дейін ай қарады ма? Аяқ астынан не көрінді?
Қазақтілді орта аса жақтыра бермейтін Мәсімовтің мұндағы мақсаты не? Астарында не жатыр? Шын ниеті ме? Белгісіз.
Бұл тақырыпты бұдан бұрын бірнеше рет қаузағаннан кейін қалыс қала алмадық.
Мәселе мұнда емес. Байқаймыз, Мәсімовтің бұл бастамасы сәтсіз шығайын деп тұр. Қазақтілді орта оның бұл әрекетін әншейін арзан ұпай жинау деп бағалағанға ұқсайды. Жақтырмаған. Сенбеген. Жүректен шыққанына, ынта-ықыласпен жасалғанына…
Саясаттанушы Айдос Сарым бұл турасында:
“Кәрім Мәсімов популизмммен айналысуға көшкен сияқты. Қазақтың көңіл-күйінде ойнап, тамырын басып көрмек. Мәсімов шешуге тиісті басқа да мәселелер толып жатыр. Алдымен Жер кодексін, үштілділік мәселесін шешсін. Ұлттық қор мен Зейнетақы қорындағы қаржыны оңды-солды шашуды доғарсын”, – дейді Фейсбукте.
Дұрыс айта ма, қалай ойлайсыз?
Айтпақшы, бұл идеяның қайдан шыққаны белгілі болды.
Мәсімовтің “жасырын кеңесшісі” атышулы журналист Денис Кривошеев екен…
“Нұрлан Әмреқұловтың хатын Премьердің қолына тапсырдым. “Үкімет Кенесараның басын неге қайтармай отыр? “Хан Кененің басын қайтарайық” қозғалысының сауалы неге жауапсыз қалды?”, деген мәселе көтерілген хатқа 100 мың қазақстандық қол қойған” – дейді ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жарайды, бұл да айтылған дүние. Кривошеевты мына сөзінен ұстауға болады.
“Ресей хан Кененің басын қайтаруға әзір” деп жазыпты журналист.
Рас па? Ол оны қайдан біледі? Қайтарса осы уақытқа дейін қайда жүрді?
Әрине, Мәсімовтің мұнысына іші жылығандар да бар.
“Премьер Кенесары мен Кейкі батырдың басын елге әкелемін депті. Үндемеңдер… Қолынан келсе, әкелсін! Қос бабамыздың басы елге оралса, ешкімді басындырып қоймаспыз” депті әлеуметтік желідегі қауым.
Қалай болғанда айтылған сөз, атылған оқ. Егер осы мәселе осы күнге дейін Мәсімовтің миына кіріп шықпаған болса, мұның арзан пиар-жүріс екені ертең-ақ белгілі болады. Бұдан біздің премьер не ұтады екен?
Не де болса, күтейік. Тағы да Твиттерінде жазар.