Әкімдік тартып алғалы жатқан Астана іргесінде Қосшы мен Тайтөбе ауылдарындағы жер телімдеріне ешкім тиіспейтін болды. Керісінше, ондағы 328 отбасының жер телімін заңдастыратын құжаттар 2 ай ішінде табыс етілмек.
Мұндай қуанышты жаңалықты Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин алданып қалған жер иелерімен кездесу барысында айтты деп хабарлады Newtimes.kz.
– Шамамен 570 жер телімі дұрыс сатылып, рәсімделмеген. Кейбір жер телімдерін алатын кезде тұрғындар заңбұзушылықтың орын алғанын біле тұра жерді рәсімдеп алған. Олардың жайы бөлек қарастырылады, яғни алаяқтық қылмысқа барғанын білген 15 адам. Бірақ, сатып алушылардың негізгі бөлігінің еш кінәсі жоқ.
Мен, әуел бастан, сіздерді жақтап келемін, сіздердің ниеттеріңіз таза, сондықтан біз сіздерге қолдау көрсетуіміз тиіс. Біз құқыққорғау органдарымен етене жұмыс істеп, қазір барлық процесті тоқтатып тастадық. Енді сіздерде қайта проблемалар туындамас үшін барлығын заңдастырмақпыз.
Ендеше, ештеңеге алаңдамай жұмыстарыңызбен айналысыңыздар, екі айдан кейін біз сіздерге жерге акт береміз.
Бастысы, рәсімдеп алыңыздар, 30 күн деген соншалықты көп уақыт емес, — деді Сергей Кулагин алданған тұрғындармен кездесуінде.
Оның айтуынша, әкімдік пен прокуратура арасында келісім болып, заң органы жер иелерін қайта мазаламауға уәде беріпті.
Естеріңізге салайық, Қосшы мен Тайтөбедегі 328 отбасының жер телімін әкімдік заңсыз сатып алынған деп тауып, кері қайтармақ болған еді. Тіпті, іске прокуратура араласып, тұрғындардан жер телімдерін ерікті түрде қайтаруын талап еткен. Алайда, маңдай термен жиған ақшасына сатып алған жерлерін өліспей беріспейтінін айтқан жергілікті халық ЭКСПО кезінде биліктің масқарасын шығаратынын жеткізді.