Түнгі клубтан шыққан соң жоғалып кеткен Балдырған Сыбанбаеваны өлтірді деген күдіктінің кім екені анықталды.
Бұл туралы Астана қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Астана қалалық ішкі істер департаментінің полицейлері азаматша Сыбанбаеваны өлтіруі мүмкін деген күдіктіні анықтады. Ол – 25 жастағы Астана қаласының тұрғыны. Қазіргі уақытта сот алдындағы тергеу амалдары аясында шаралар жүргізіліп жатыр. Оқиғаның басқа мән-жайы тергеу мүддесіне орай жарияланбайды», – делінген ведомство таратқан ақпаратта.
19-маусымда Астана қаласы аумақтық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне түнгі сағат 03:00-де 33 жастағы келіншек Балдырған Сыбанбаеваның «Ретро» түнгі клубынан шығып кетіп, содан қайтып оралмағаны жайлы шағым келіп түскен.
Ол түнгі клубқа өзінің сіңілісі Қарлығаш Сыбанбаевамен барған. Сіңілісі әпкесі шаршап тұрғанын, ертерек үйге барып демалғысы келгенін айтып, кетіп қалғанын айтады. Марқұм Балдырған Сыбанбаеваның „Азат„ сауда үйінде өзінің бутигі болған.