Бірнеше күн бұрын күйдіргі күдігімен бірнеше адам ауруханаға жатқызылған Қарағанды облысы Шет ауданы Еркіндік ауылында карантин жарияланды.
Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Қазақстан жаңалықтары хабарлайды.
Хабарламаға сәйкес, ағымдағы жылдың 7-маусымында 5 адам (бір отбасының мүшелері) Қарағанды облысы Шет ауданы Еркіндік ауылында мал дәрігерінің куәландыруынсыз сырқаттанған сиырды мал иесінің үйінде сойып тастайды. Сол күні олар малдың етін ауылдың 11 тұрғынына таратады. Ауруды жұқтырған мал етін қолдану нәтижесінде 11-14 маусым аралығында 8 адам сырқаттанды.
– Кеше кешке облыс әкімдігі Еркіндік ауылында карантин жариялады, елді-мекенге барлық келу және кету жолдары жабылды, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.