Бүгін, 9-маусым – жалпыұлттық аза тұту күні. Өткен жексенбіде қазақстандықтар күтпеген жантүршігерлік қанды оқиға орын алды. Ақтөбеде лаңкестердің қолынан отандастарымыздың өмірі қиылды, бірнеше адам ауыр жарақат алды.
Қазақстан заңына сәйкес, еліміздегі ойын-сауық шаралары бір күнге тоқтап, бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары жарнама мен әзіл-сықақ бағдарламаларын тыюы керек. Оның орнына Қазақстан халқының бірлігі мен болашағы туралы терең ойлар айтылуы тиіс.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе қаласында болған террористік актілерге байланысты жасаған мәлімдемесінде лаңкестер заңның ең қатаң талаптарымен жазаға тартылатынын қадап айтты.
– Мен қайтыс болғандардың отбасыларына, туыс-туғандарына шын жүрегіммен көңіл айтамын. Қаза тапқан әскери қызметкерлер отан алдындағы антына адал болып, ел қауіпсіздігі жолында өшпес ерлік көрсетті. Олардың ерліктері мемлекет тарапынан лайықты бағаланатын болады. Оның үстіне 4 азамат қайтыс болды, бәрі Ақтөбенің тұрғындары. Сондықтан, мен ертеңгі бейсенбі, 9 маусым күнін Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Қаза болғандардың артында отбасы, бала-шағалары қалды. Менің тапсырмам бойынша, оларға барлық қажетті көмектер жасалуда, – деді Елбасы