Жалға алынған ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбайтын шаруаларға салынатын жер салығы 10 есеге дейін ұлғайтылады. Бұл туралы Көкшетауда өтiп жатқан Жер реформасы жөнiндегi комиссияның алғашқы көшпелi отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде ауыл шаруашылығы жерлерінің басым бөлігі жалға алу құқығымен пайдаланылып жатыр.
Мысалы, шаруа қожалықтарында 57 млн 500 мың гектар, аграқұрылымдарда 40 млн 200 мың гектар жер бар. Шетелдіктер мен біріккен кәсіпорындарға жалға берілген жер көлемі – 61 мың 10 гектар. Оның 44 мың 900 гектары біріккен кәсіпорындарға берілген. 29 мың 700 гектары қазақстандықтарға толық өткен.
Ерлан Нысанбаев шетелдіктерге қойылған талаптарды да атап өтті.
Оның айтуынша, біріншіден, шетелдіктерге жерді жекеменшікке беруге тыйым салынған, екіншіден, шетелдіктерге нотариаттар арқылы жекеменшікке рәсімдеуге де тыйым салынады, үшіншіден, шетелдіктерге жерді шекара маңынан жалға беруге тыйым салынады. Ал шетелдіктерге жерді жалға берудің белгіленген шекті көлемі бар.
– Жерді тиімді пайдаланбағандарға қатаң шара қолданылады. Жер кодексінің 92, 93, 94-баптарына сәйкес
жерді тиімді пайдаланбаған жағдайда оны мәжбүрлі түрде қайтару нормасы қарастырылған. Пайдаланылмай жатқан жерлерге 10 есеге дейін ұлғайтылған жер салығы салынады,
– дейді вице-министр Ерлан Нысанбаев.